For Life

11 ай күту: мен бір уақытта миелома мен бюрократиямен қалай күрестім

Мен 52 жасымда үнемі шаршау мен белімнің ауруын сезіне бастағанда, мұны ескі жарақаттың және жұмыстағы ауыртпалықтардың салдары деп ойладым. Бірақ симптомдар жоғалмады, тексеруден кейін дәрігерлер диагноз қойды — көптік миелома, қанды зақымдайтын қатерлі дерт. Миелома сүйек кемігіндегі плазмалық жасушаларды зақымдап, иммунитетті әлсіретіп, сүйектерді бұзады.

Менің жағдайымда ауру II сатыда анықталды: қанда — ақуыз деңгейі жоғары, сүйектерде — зақымданған ошақтар. 2017 жылы мен химиотерапия курстарынан өттім, қолдаушы ем қабылдадым. Аурудың өршіп бара жатқанын түсініп, ойлануға уақыт жоғалтпай, амбулаторлық ем үшін қымбат дәрі-дәрмектің 2 қорабын өз қаражатыммен сатып алуыма тура келді. Бірақ бұл жеткіліксіз болды, ал одан әрі сатып алуға қаржылық мүмкіндігім болмады.

Сол ауыр кезеңде мемлекет көмектесті. Леналидомид терапиясының бір курсы Астанадағы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында, тағы біреуі — М. Оспанов атындағы БҚММУ Медициналық орталығының гематология бөлімшесінде жүргізілді. Кейін қымбат дәрілерді қайтадан өз қаражатыммен сатып алуға тура келді. Себебі — жергілікті атқарушы органның препаратты сатып алуға қаржы бөлу шешімін қабылдау рәсімі өте ұзаққа созылды. Менің жағдайымда Ақтөбе облысының денсаулық басқармасына жүгінген сәттен бастап препаратты алғанға дейін 11 ай өтті.

Қазір бұл мәселе шешілді, Леналидомид көрсетілген науқастар оны амбулаторлық түрде алып жүр. Бірақ мен үшін бұл ұзақ жол болды… Пациент те, ең бастысы — ауру да сонша уақыт күте алмайды. Бірақ отбасының, дәрігерлердің қолдауы және өмірге деген жігерімнің арқасында мен ремиссияға жеттім.